01:25, 01 Қазан 2017 | GMT +5
Мысыр халқының саны 11 жылда 22 миллионға артқан
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы Мысыр халқының саны 94 млн 798 мың 827 адамды құрады. Бұл туралы халық санағы нәтижелерін жариялауға арналған салтанатты шара барысында Мысырдың Қоғамдық жұмылдыру және статистика орталық агенттігінің төрағасы Абу Бакр аль Джунди мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат АЗЕРТАДЖ агенттігіне сілтеме жасап.
Шараға Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси, үкімет пен парламент мүшелері, халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты.
Аль Джунди мәлім еткендей, 2017 жылдың 18 сәуіріндегі жағдай бойынша, Мысырдың өзінде тұратын халық саны 94 млн 798 мың 827 адамды, ал ел аумағынан тыс жерде тұратын 9,4 млн.-ды құрайды. Мысыр халқының жалпы саны - 104,2 млн адам.
2006-2017 жылдар аралығында ел ішінде халық саны 22 миллионға артқан, ал соңғы 30 жылда өсім 96,5 пайызды құрады.
Санақ деректеріне сәйкес, Мысыр ең жас мемлекеттердің бірі позициясын сақтап қалған. Әрбір үшінші мысырлықтың жасы 15-тен 34-ке дейін.