Мысыр президенті М.Мурси биліктен шеттетілді
Генерал Абдель Фатах әл-Сисси Мысырдың ұлттық телеарнасының эфирінен мемлекетте конституцияның күші уақытша тоқтатылғанын, президент М.Мурси орнынан түсірілгенін және жуық уақытта мерзімінен бұрын президенттік және парламенттік сайлаулар өтетіндігін мәлім етті.
Кешегі күннің екінші жартысында Мысыр армиясы президент М.Мурси мен «Мұсылман бауырлар» саяси ұйымының жоғары басшылығының өкілеттіктерін шектеу бойынша әрекеттерді бастады. Атап айтқанда, Каирдегі президент сарайына жақын жерде әскери қоршаулар орнатылып, броньды техникалардың тартылуымен ұлттық армия қарулы күштерінің шеруі өтті.
Мысырдың ұлттық қауіпсіздік органдары президент Мұхаммед Мурсидің елден шығуына тыйым салды. БАҚ-тың хабарлауынша, ел президенті М.Мурси қазір республикалық гвардия бөлімшелерінің бірінде орналасқан және ол өзінің тақтан кететіндігі туралы арызға қол қоюға ниет білдіріп отырған жоқ.