Мысыр президенті парламент сайлауын сәуір айына белгіледі

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Мысыр президенті Мұхаммед Мурси парламент сайлауы сәуірдің 27-де өтетінін хабарлады. Бұл жайында президенттің заң кеңесшісі Мұхаммед Гадалға сілтеме жасап «Reuters» хабар таратты.

Мысыр президенті парламент сайлауын сәуір айына белгіледі

muslim.kz сайтының жазуынша, Парламенттің төменгі палатасына депутаттарды сайлау науқаны төрт кезеңнен тұрады: әр кезеңде ел аймақтарының тұрғындары дауыс береді. Бұған бақылаушылардың жетіспеушілігі себеп болып отыр. Сайлау науқаны маусым айында аяқталады. Ал маусымның 6-да парламент құрамының алғашқы мәжілісі өтеді. Мысырда бақылаушылардың жетіспеушілігі алдыңғы сайлау науқанында да байқалған еді. Өткендегі сайлау науқаны 2011 жылдың қараша айынан басталып, 2012 жылдың қаңтар айына дейін созылғанын айта кету керек.

Ақпанның 21 күні Мысыр парламентінің жоғарғы палатасы сайлау туралы заңды мақұлдаған болатын. Бұған Конституциялық соттың сайлау туралы заңның бес тармағын өзгертуге қатысты талабы түрткі болды. Жоғарғы палата Конституциялық соттың бұл талабын орындап, аталмыш заңға енгізілген түзетулерді дауыс бермей-ақ қабылдады. Бұл түзетулерді 25 ақпанда Мұхаммед Мурси бекітуі тиіс.

Парламент сайлауы туралы кейін қабылданған заң депутаттарға сайлаудан кейін өзге партияға өтуіне тыйым салады. Бұл түзетулер бұрынғы тәжірибе ескеріле отырып, енгізілген еді: Хосни Мүбәрак тұсында үміткерлердің көбісі Ұлттық-демократиялық партияға кірген болатын. Соның нәтижесінде парламент тек бір партиядан ғана жасақталған еді.

Бұған қоса, сайлау туралы кейін қабылданған заңға сәйкес парламенттің төменгі палатасындағы үш орын тәуелсіз ел елеулілері мен халық қалаулыларына бөлінген. Хосни Мүбәрак биліктен кеткен соң, 2011 жылы қызметін тоқтатқан Ұлттық-демократиялық партияның бұрынғы мүшелеріне 10 жыл бойы сайлауға қатысуына тыйым салынды.

Ел тізгінін ұстаған Мұхаммед Мурси 2012 жылдың желтоқсан айының соңына таман референдум нәтижесі бойынша қабылданған жаңа конституцияға қол қойған еді. Осы Конституцияға сәйкес, жоғарғы палатаның құзыреті кеңейтілген болатын.