Мысырда 150-ге жуық қазақстандық бар, олардың 120-сы Каирде - ҚР СІМ

АСТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат - Жаппай тәртіпсіздік пен қарулы қақтығыстар болып жатқан Мысыр елінде қазіргі таңда 150-дей қазақстандықтар жүр. Олардың негізгі бөлігі студенттер. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов мәлімдеді.

Мысырда 150-ге жуық қазақстандық бар, олардың 120-сы Каирде - ҚР СІМ

«Біз Мысырда болып жатқан оқиғаларға алаңдаулымыз. Қазақстанның елшілігі сондағы азаматтармен үнемі байланысып отырады. Жалпы консулдық тіркеуде 500-ге тарта адам бар, дәл қазір Мысырда 150 қазақстандық бар, ал олардың 136-сы студент. Негізгі оқиғалар орын алып жатқан Каир қаласында 120 адам тұрып жатыр», - деді Н. Айтмаханов.

Оның айтуынша, Мысырдағы Қазақстан елшілігі жағдайды бақылап, еліміздің азаматтарымен қарым-қатынас орнатып, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көп адам шоғырланған жерлерге жоламауға кеңес беріп отырады.

«Егер керек болған жағдайда біздің азаматтарымызға көмек көрсету үшін барлық жағдайлар жасалады», - деді ҚР СІМ өкілі.