Мысырда 26 адам лаңкестік үшін сот алдында жауап береді
АСТАНА. 10 ақпан. ҚазАқпарат - Египетте 26 адамды, соның ішінде екі бұрынғы офицерді, лаңкестік әрекеті үшін айыптап отыр, олар сот алдында жауап береді, деп хабарлайды РБК.
Оларға сонымен қатар қару-жарақ пен жарылғыш заттар сақтау бойынша айып тағылып отыр. Айыптаушы жақ оларды экстремистік ұйым құрып, мемлекеттік төңкеріске шақырды және мемлекеттік мекемелерде қызмет ететіндерге джихад жариялады деп айыптап отыр.
Ұлттық қауіпсіздік қызметінің мәліметтерінше, сотталушылар Египетте лаңкестік әрекетін жасауды жоспарлаған.
Еске сала кетейік, қазіргі таңда Хосни Мубарак режимі құлатылғанына екі жыл өткен соң Мысыр елі тұрақсыздық кезеңін бастан кешіріп отыр. ірі қалалардың көшелерінде наразылық акциялары өтуде, олар кейде зорлық-зомбылыққа ұласып жатады. Ішкі шиеленістер мен Муаммар Каддафи режимі құлағаннан кейін басталған Ливиядан қару контрабандасы ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде.