Мысырда 4,6 мың жыл бұрынғы провинциалдық пирамида табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Чикаго институтының археологтары қазба жұмыстары кезінде Мысырда 4,6 мың жыл бұрын салынған сатылы пирамида тауып алды.

Мысырда 4,6 мың жыл бұрынғы провинциалдық пирамида табылды

Провинциалдық типке жататын пирамида ежелгі Эдфа қалашығының маңында орналасқан. Алдын ала болжам бойынша, бұл пирамида Гизадағы ұлы пирамидадан бірнеше онжылдық бұрын салынған.

Бастапқы кезде Эдфадағы сатылы пирамиданың биіктігі 13 метр болған. Алайда мыңдаған жылдар ішінде нысанның бірқатар бөлігі бұзылып қалған. Қазір оның биіктігі 5 метрден аспайды. Ол елді Хуни және Снефру перғауындары басқарған тұста салынған жеті провинциалдық пирамидалардың біріне жатады. Аталмыш жетілікке жататын бұл пирамида туралы деректердің табылғанына көп болса да, қазба жұмыстары тек 2010 жылы басталған болатын.

Қазба жұмыстары басталмас бұрын пирамиданың беті оны басып қалған құм мен қоқыстан тазартылды. Эдфадағы пирамида құрылысы жағынан Джосер перғауынның (б.э.д.2670-2640 жылдары басқарған) пирамидасына ұқсас. Қазба кезінде зерттеушілер түрлі суреттер мен хаттарды тауып алды. Арасында құс, төрт аяқты аң, отырған адам және шиыршық қағаздар бар. Археологтардың айтуынша, бұл жазбалардың пирамиданың түбіне жерленген балаларға қатысы болуы мүмкін.

Провинциалдық пирамиданың қандай мақсатта салынғаны белгісіз. Мысалы, ол белгілі бір ел басқарған әулетке қойылған ескерткіш болуы мүмкін. Бүгінге дейін белгілі болған жеті пирамиданың алтауы ені 18,4 метр, ал ұзындығы 18,6 метр өлшемімен бір-біріне ұқсас. Сондай-ақ олардың ішінде бос кеңістік жоқ. Яғни, ол адам жерлеу мақсатында салынған деген болжам бар, деп жазады lenta.ru.