Мысырда биіктігі аспанмен таласқан жаңа екі пирамида салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мысыр үкіметі пирамида түріндегі 200 метрлік зәулім ғимараттың құрылысы бойынша жоспарды бекітті, деп хабарлады РБК.

Мысырда биіктігі аспанмен таласқан жаңа екі пирамида салынады

Жоба Каирдегі Шейх Заед Сити ауданын қалыпқа келтіру акциясы аясында ұсынылды. Жаңа 49 қабатты Zayed Crystal Spark кешені екі пирамидадан тұрады. Бірі биіктігі 200 м болатын жіңішке әрі биік, ал екіншісі тапал әрі жуандау келген құрылым болмақ. Гизадағы көне пирамидалардан 30 минуттық жерде орналасқан кешен 190 га аумақты қамтиды. Мұнара маңында су бұрқақтары, бассейндер мен жасыл желек болады.

Бұл ғимарат Мысырдағы ең биік құрылым болады. Салыстыра кетер болсақ: Мысырдың Сыртқы істер министрлігінің ғимаратының биіктігі 143 м, ал көне және осы күнге сақталған әлемнің жеті кереметінің бірі Гизадағы Хеопс пирамидасының биіктігі 138 м.