Мысырда ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының бөлімшесі ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚазҰУ-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бөлімше ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұловтың Мысырға сапары кезінде ашылған. Сапар барысында Бақытжан Жұмағұлов Мысыр мен Сирия, Мароккода білім алып жатқан ҚазҰУ-дың 50 студентімен кездескен.Онда Қазақстанның сыртқы және ішкі саяси мәселелері, тұрмыстық жағдайы мен оқу жүйесі сөз болған. Кездесу барысында Студенттер қауымының өкілдері Каирде ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының бөлімшесін ашуды ұсыныпты. Нәтижесінде ашылған бөлімшенің төрағасы болып МАР-ғы ҚР Елшілігінің бірінші хатшысы Бақыт Батыршаұлы сайланған. Б. Батыршаұлы белгілі ғалым, ҚазҰУ-дың шығыстану факультетін тәмамдап, туған қара шаңырағында бірнеше жыл бойы дәріс оқыған.Сапар барысында ҚазҰУ ректоры Мысырдың ірі оқу ордалары - Каир университеті және Айн Шамс университетімен қарым-қатынасты орнату мақсатында арнайы келісімшартқа қол қойған. Құжатта екі жақтың студенттері және оқытушы-ғалымдармен білім алмасу, студенттердің икемділігі, ҚазҰУ оқытушыларының біліктілігін арттыру, экспериментальды түрде магистрлік және бакалавр оқу бағдарламаларын енгізу, оқу несиелеріне өзгерістер енгізу мәселелері қамтылған.
Естеріңізге сала кетейік, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түлектер қауымдастығы былтырғы университеттің мерейтойлық кездесуінде құрылып, оның төрағасы болып Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қайрат Мәми сайланған еді. Бұған дейін Түлектер қауымдастығының бөлімшелері Қазақстанның барлық облыстарында, Мәскеу мен Лондонда да ашылған. Жақында Германияда бір бөлімше ашылмақ. Бүгінгі таңда ҚазҰУ-дан түлеп ұшқандардың саны 125 мыңдай адам.