Мысырдағы сайлау: Мүбарак пен экс-ұры
АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Мысырда болатын президент сайлауына 500-ден астам адам өтініш білдірген. Олардың арасында Хосни Мүбарак та бар, деп хабарлайды Дни.ру сайты.
Мұндағы Хосни Мүбарак деп отырғанымыз осыдан бір жыл бұрынғы төңкеріс кезінде тақтан түсірілген экс-президент Хосни Мүбарактың туысқан інісі әрі аттасы екенін айта кеткеніміз ләзім.
Сайлау комиссиясының өтініш қабылдаған 5 күні ішінде елдегі ең жоғарғы лауазымнан дәмесі бар 564 адам белгілі болған. Бұл сайлау 2011 жылғы ақпанда Мысырдың бұрынғы президенті Хосни Мүбарак тағынан түсірілгеннен кейінгі алғашқы сайлау болмақ. Президенттікке үміткерлердің арасында елге танымал саясаткерлермен қатар, үй шаруасындағы әйелдер, мұғалімдер, журналистер, соттар, адвокаттар, аспаздар және басқа да саланың адамдары бар, дейді РБК .
Ал бұрынғы президенттің інісі әрі аттасы Хосни Мүбарактың айтуынша, егер ол президент болып сайланса, 30 жыл бойы орнын босатпай, халықтың ашу-ызасының ықпалымен ғана тағынан тайған ағасының жолымен жүрмейтін көрінеді.
Президенттіктен үміткер тағы бір тұлға - 1990-жылдары ұрлық жасап, түрмеге отырып шыққан 64 жасар Мұхаммед Рашид деген азамат. Бұрынғы сотталған басқа бизнесмендерге үлгі көрсету мақсатында және ел экономикасына көмек ретінде өз қалтасынан 50 мың мысыр фунтын мемлекет игілігіне жұмсаған.
Оның айтуынша, ол өзінің бұрынғы жасаған қылмыстары үшін қатты өкінетін көрінеді. Алайда жазасын өтеп шыққандықтан, енді оның президент болуға құқығы бар. Тіпті ол сотталғандардың партиясын құрып, олардың түрмеден шыққаннан кейін өмірге тез икемделіп кетуі үшін шаралар қарастыратынын мәлімдепті. Мысырдың теледидарында сұхбат берген экс-ұры, көрермендерге ұялы телефонының нөмірін айтып, өз үйін ұрлықтан сақтап қалғысы келетін кез келген адамға телефон шалуға болатынын жеткізген.
Айта кетелік, үміткерлерді тіркеу 2012 жылдың 8 сәуіріне дейін жүргізіледі. Ал сайлау 23-24 мамырда болады.