Мысырдағы судағы такси қала тұрғындарының да, туристердің де қызығушылығын туғызып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Судағы такси. Мысыр астанасы Каирде биыл іске қосылған осындай тың жоба бүгінде жергілікті тұрғындар ғана емес, елге ағылған шетелдік туристер арасында да үлкен танымалдылыққа ие болып келе жатыр.
None
None

Талайға таңсық көрінгенімен, табыс әкелетін тиімді кәсіп қазір көпшіліктің қызығушылығын туғызуда, деп хабарлайды 24.kz.
Жыл басынан бері Каирде 10 судағы такси қолданысқа берілген. Қазір жергілікті тұрғындар көліктің бұл түрін белсенді түрде қолданып жүр. Халық оның арқасында діттеген жеріне темір тұлпармен жүргеннен гөрі тезірек жетіп, жолдағы кептелістерді едәуір жеңілдетуге болатынын айтады. Оның үстіне кемелер газбен қозғалатындықтан, қаланың экологиясына да кері әсері аз болады екен.

Жергілікті тұрғын Ахмад Фаруктың айтуынша Ніл өзені үстімен жүйткитін судағы такси керемет идея. «Мен әдетте жұмысқа жету үшін көлікпен 40 минут жүріп баратынмын. Ал мына кемемен небәрі 12 минут қана жұмсаймын. Оның үстіне жол-жөнекей әдемі пейзажды тамашалап барамыз»,-дейді ол.

Nile Taxi компаниясының иесі Магди Гали әлем бойынша жолдағы кептелістердің 68%-ы жекеменшік көліктердің көптігінен туындайтындығын айтады. «Сондықтан біз тасымалдың өзге түрі жайлы терең зерттеп-зерделей бастадық. Сол кезде Ніл өзені көлік потенциалының үлкен екеніне көз жеткіздік». Халықты қызықтырып отырған тағы бір жайт - судағы такси қызметінің ақысы. Жұрттың сөзіне қарағанда, олардың бағасы кәдімгі таксиден гөрі әлдеқайда арзан.  

Имам Мұхаммед, жергілікті тұрғын: - Ніл өзенінде таңсық таксидің пайда болғаны қандай жақсы. Біз қаланың бір қанатынан екінші бөлігіне жету үшін кептеліп, жолда тұрамыз. Сәйкесінше, жол шығыны да арта түседі. Ал мына кемелермен ең алыс деген жердің өзіне ары кетсе 4 АҚШ долларын жұмсайсыз. Ал ол қашықтықты темір тұлпармен еңсеретін болсаңыз, екі есеге артық ақша төлеуіңізге тура келеді. Жалпы, бұл жобаның іске асырылуы алты жылдан бері кейінге ысырылып келген. Оған Мысырдағы саяси және экономикалық дағдарыс қолбайлау болды. Енді бастама авторлары бұл қызметті тек Каирде ғана емес, елдің өзге де қалаларында іске қосуды діттеп отыр.

Соңғы жаңалықтар