Мысырдағы тәртіпсіздіктер 31 адамның өмірін жалмады

АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат - «Мұсылман бауырлар» исламшылар қауымдастығының өкілдері 27 шілдеге қараған түні жаппай тәртіпсіздіктер барысында тақтан тайдырылған Мохаммед Мурсидің кем дегенде 31 жақтаушысы қаза тапқанын мәлімдеді.

Мысырдағы тәртіпсіздіктер 31 адамның өмірін жалмады

170-тен астамы жарақаттанды. Бұған дейін, 23 адамның опат болғаны хабарланған болатын. Шерушілер су атқыштармен және көз жасаурататын газбен таратылып, әскерилер наразылық білдірушілерге оқ боратты. Бірақ аталмыш ақпаратты мысыр билігі растамай отыр.

Таяуда Мысырда «Мұсылман бауырлардың» ұйымдастыруымен М.Мурсиді қолдауға бағытталған наразылық шарасы өтті. Әскери қолбасшылық исламистерді шерулерден бас тартуға, ал М.Мурсидің жақтаушыларын сөз сөйлеуді тоқтатуға шақырды.

Әскерилер «Мұсылман бауырларға» мерзімінен бұрын парламенттік және президенттік сайлау өткізуді қарастыратын «жол картасына» 48 сағаттың ішінде қосылу туралы үзілді-кесілді талап қойды. Исламшылар дауыс беруді елемеуге шақырады.

Еске сала кетейік, әскерилер «Мұсылман бауырлар» қозғалысының көсемі М.Мурсиді орынтағынан тайдырған биылғы 3 шілде күні жаңа египеттік үкімет билікке келді. Мемлекет басшысының міндетін атқарушы қызметіне Мысыр Конституциялық сотының төрағасы Адли Мансур тағайындалды. Әскерилер әзірлеген жоспарға сәйкес партиялық мүдделерден еркін өтпелі үкімет құру көзделіп отыр. Конституция қайта қарастырылғаннан кейін парламенттік және президенттік сайлау өтеді.