Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мысырды соңғы жүз жылда болмаған алапат қуаңшылық жайлады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті билік Мысырда соңғы жүз жылда болмаған алапат қуаңшылыққа климаттың өзгеруі себеп деген пікір айтып отыр. Алайда халықтың оған сенгісі жоқ.

Мысырды соңғы жүз жылда болмаған алапат қуаңшылық жайлады

Әсііресе, Египеттің солтүстігіндегі Дакахлия провинциясында орналасқан Эль-Араб Магуб ауылының тұрғындары суға зәру. Тұрғындар тіршілік нәрін өздері қазған құдықтан алады. Алайда олар суды жуынуға болмаса, ішуге, ас әзірлеуге жарамсыз екенін айтады, деп хабарлайды  «24KZ» арнасының тілшісі.

«Біз биліктің қолынан келмейтін затты сұрап отырған жоқпыз. Біз ауыз суға зәруміз. Бұған дейін талай мәрте жергілікті билікке талаптарымызды айтқан болатынбыз. Олар жуық арада бұл мәселені шешіп береміз деп уәде еткенімен, еш нәтиже жоқ. Бүгінде су тапшылығынан Дакахлия провинциясындағы тағы бір елді мекен жапа шегіп отыр»,-дейді  жергілікті тұрғын Ваги Мұхаммед.

Ал Эль Хафер Шебаб ауылындағы фермерлер қуаңшылық кесірінен тауып жүрген нәпақаларынан айырылып отырғандарын қынжыла жеткізді.

Суға зәру болған жергілікті халық бұл жағдайды «Эфиопияның қайта өркендеуінің Ұлы дамбасы» жобасымен байланыстырып отыр. Суданмен арадағы шекараға жақын орналасқан нысанның құрылысы 2011 жылы басталған болатын. Мысырлықтар «Ніл өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне соның кесірі тиді» деген пікірде. Ал Су ресурстары министрлігінің өкілі Хани Дабистің айтуынша, бұл жағдайға Эфиопияның қайта өркендеуінің Ұлы дамбасының қатысы жоқ. Ол климаттың өзгеруінен туындаған мәселе.

Бұл соңғы 103 жыл ішіндегі ең алапат құрғақшылық. Ол аздай, шаруалар суды көп талап ететін күріш секілді дақылдарды өсіреді. Бұл да жағдайды өршітіп отырғаны сөзсіз.

 Жалпы халық санының өсуіне байланысты 2025 жылға дейін мысырлықтар арасында суды тұтыну мөлшері екі есеге артуы мүмкін. Сарапшылар осылай деп топшылайды. Сондықтан 9 жылдан кейін елдегі егіс алқаптарының 60%-ы күйіп кетуі ғажап емес.