Мысырдың бұрынғы президенті мемлекеттік құпияларды жария еткені үшін айыпталуда
ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Мысыр прокуратурасы жексенбі күні елдің бұрынғы президенті Мұхаммед Мүрсиді мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтерді жариялап, оны Иранға таратты деп айыптады.
Жексенбі күні Каирде биліктен аластатылған М.Мүрсидің және оның 35 сыбайластарының ісі бойынша екінші сот тыңдауы басталды. Айыптаушы тарап «Мұсылман ағайындар» мысырлық бөлімшесінің көшбасшысы елдегі жағдайды тұрақсыздандыру мақсатында шетелдік мемлекеттермен, ХАМАС палестиналық қозғалысымен сөз байласқан деп отыр.
Мысырдың баспасөз құралдары осы тыңдау кезінде М.Мүрсиді дауыстар естілмейтін шыныдан жасалған жеке кабинаға отырғызған деп жазады. Бұл шара айыпталушылар дауыстап қарсылық білдірулерімен сот ісіне кедергі жасамас үшін қолданылған болуы мүмкін.
Сот кінәлі деп тапқан жағдайда М.Мүрси мен олардың сыбайластары өлім жазасына кесіледі.