Мысырдың оңтүстігінде апат болып, 15 адам қаза тапты
КАИР. ҚазАқпарат – Каир қаласынан оңтүстікке қарай шамамен 55 шақырым жерде шағын автобус пен пикаптың соқтығысуы салдарынан 15 адам қаза тауып, екі адам жарақат алды. Қатты жылдамдықпен келе жатқан шағын автобус жол шетіне қойылған пикапқа соғылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат АР News-ке сілтеме жасап.
«Апаттан тірі қалған пикап жүргізушісі жауап алу үшін ұсталды» делінген Мысыр ішкі істер министрлігінің хабарламасында. Оқиғаның себептері мен мән-жайын тергеу амалдары басталды.
Мысырда адам өліміне әкелетін жол-көлік оқиғалары жиі болады. Жазатайым оқиғаларға көбіне жол жағдайының нашар болуы, жол қозғалысы ережелерінің сақталмауы себеп. Жыл сайын мыңдаған адам көз жұмады.
Мәселен, мамырда Мысырдың оңтүстік-батысында күре жолда жолаушылар автобусы мен жүк көлігі соқтығысып, салдарынан 17 адам қаза тапты. Ақпанда елдің шығысында пикап пен шағын автобустың соқтығысуы салдарынан 6 адам көз жұмған.