Мысырдың Үкіметі ресми түрде отставкаға кетті
АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Мысырда Министрлер кабинетінің отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша ел Үкіметі ресми түрде отставкаға кетті, деп хабарлайды РБК.
Өткен түнде Мысыр Президенті Хосни Мүбәрак халыққа жолдау арнады. Онда Мысыр Президенті елінде экономикалық және саяси реформа жүргізуде дайын екендігі жөнінде мәлімдеді және Үкіметті таратып жіберді. Жаңа Министрлер кабинетінің мүшелері бүгін айтылады деп күтілуде.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Мысырда наразық акциясына қатысқан мыңға тарта адам тұтқындалды, деп хабарлады үкімет өкілдеріне сілтеме жасаған Agence France-Presse ақпараттық сайты.
Бұған дейін үкіметке қарсы наразылық білдірген жеті жүз адамның ұсталғаны туралы айтылып еді.
Наразылық шеруін ұйымдастырушылар сейсенбі күні басталған Каир мен Суэцті қоспағанда тағы да басқа қалаларда акцияны жалғастыруды көздеп отыр. Ереуілшілердің негізгі талаптары - билік басында отыз жылға тарта отырған президент Хосни Мубарактың отставкасы болып табылады.
Мысырда ұялы байланыс жұмыс істемейді, сондай-ақ Интернет жұмысында да іркіліс байқалуда.
Атап айтқанда, SMS-хабарламалар жіберілген жеріне жетпеуде, Facebook, Twitter және Blackberry Messenger сияқты бірқатар сайттар пайдаланушыларға жабық. Ғаламдық желілерді пайдаланушылар ел астанасы Каир қаласында Интернетке қолжетімділік кейде түгелімен жоғалып кетсе, кейде пайда болатынын атап өтуде, бірақ Интернет барынша шабан жұмыс істейді. Көптеген адамдар бұл іркілісті шеруге қатысушылар аталған әлеуметтiк желiлердің көмегiмен жаңа акцияларды ұйымдастыру мәселесін келіседі деп биліктің қауіптеніп жатқанымен байланыстырып отыр.