Мысырдың жаңа президенті Каирде ант қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мысыр астанасында жаңа президентті ұлықтау рәсімі өтті, деп хабарлайды Би-Би-Си.
Елдің жаңа басшысы Абдель Фаттах Сиси Каирдегі Жоғарғы Конституциялық сот ғимаратында ант қабылдаған.
Айта кетейік, өткен айда 59 жастағы Сиси сайлауда 97 пайызға жуық дауыс жинап, жеңіске жеткен болатын.
Ол үш жыл ішіндегі бей-берекетсіздік пен саяси кикілжіңдер салдарынан зардап шеккен мемлекет экономикасын қалпына келтіруге негізгі басымдық бермек. Себебі, дәл осы жағдайлар Мысырға келетін туристер санын азайтып, ел экономикасына түсетін инвестициялардың жолын кескен еді.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Абдель Фаттах ас-Сисиге Египет Араб Республикасының Президенті лауазымына сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдаған болатын.