21:27, 07 Желтоқсан 2015 | GMT +5
Мысырға бет алған А321 лайнері лаңкестік қаупі салдарынан шұғыл Будапештке қонды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Берлиннен Хургадуге ұшқан жолаушылар ұшағы лаңкестік қаупі салдарынан Будапештке қонды.
Полицияның баспасөз қызметі әуе компаниясының атауы мен ұшақ моделін атамады. Кей деректерге қарағанда, бұл Condor әуе компаниясының А321 лайнері.
Рейтер Венгрия полициясының баспасөз қызметкеріне сілтеме жасап полицейлер ұшақты тінтіп жатқанын хабарлады. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, оның бортында 130 жолаушы мен 7 экипаж мүшесі болған.
Қазанның аяғында Синай түбегінде ресейлік "Когалымавиа" компаниясының A321 авиалайнері апатқа ұшырады. Оның бортында болған 224 адамның барлығы қаза тапты.
Ресейлік билік мұны лаңкестік деп атады. Жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» тобы мойнына алды.
Осыдан кейін Ресей Мысырға ұшақ ұшыруды уақытша тоқтатты. Сондай-ақ бірнеше еуропалық мемлекет те бұл бағытқа ұшуды уақытша тоқтатты.