«Мюнхен-2018» ұйымдастыру комитетінің делегациясы «Медеу» мұз айдынында болды
АЛМАТЫ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Елена Ильинская/ - Бүгін Катарина Витт бастаған Мюнхен-2018» ұйымдастыру комитетінің делегациясы Алматыдағы «Медеу» мұз айдынын көрді.
Мюнхен делегациясы Қазақстанға алғаш рет келіп отыр және олар Азиялық олимпиадалық комитеттің, оның ішінде Ұлттық олимпиадалық комитеттің жоғары лауазымды өкілдерімен кездесулер және бірқатар брифингтер өткізді.
«Мюнхен-2018» ұйымдастыру комитетінің төрайымы Катарина Витт ханымның айтуынша, олардың сапарларының мақсаты - қысқы Азиялық ойындардың ұйымдастырылу деңгейіне баға беру.
«Біз басқа елдерден көп нәрсені үйрене аламыз. 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын лайықты деңгейде өткізу үшін, біз олимпиадалық қоғамдастықтың пікірлеріне әрқашан құлақ түруге дайынбыз», деді К.Витт ханым.
К.Витт ханымның айтуынша, жаңа мүмкіндіктерді ашып отырған дамушы елдердегі негізгі спорттық шараларды тамашалау әрқашан қызықты. Германияның қысқы спорттық ойындарды және басқа да негізгі спорттық шараларды өткізудегі тәжірибесі мол және осы жайт Мюнхеннің 2018 жылғы Ойындарды өткізуге сөзсіз дайын екенін дәлелдейді.