Мюнхенде әсіре оңшылдарға қарсы жаппай шеру өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Германияның оңтүстігіндегі Мюнхен қаласында сенбі күні елдегі жалпы сайлау қарсаңында әсіре оңшыл экстремизмге қарсы шеруге 200 мыңнан астам адам жиналды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Неміс БАҚ-тары жыл сайын Октоберфест фестивалі өтетін Мюнхендегі Терезиенвизе алаңындағы наразылық акциясына күткеннен де көп адам жиналғанын хабарлады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бейбіт шеруге 320 мыңға дейін адам қатысуы мүмкін еді. Алайда полиция шеру бейбіт жағдайда өткенін айтады.
Қатысушылар «Нәсілшілдік пен өшпенділікке балама жоқ» деген ұранмен әсіре оңшыл «Германия үшін балама» партиясына қарсы плакаттар көтеріп жүрді.
Ашық оңшыл, иммиграцияға қарсы «Германия үшін балама» партиясы қазір 23 ақпанда өтетін дауыс беруге дайындалып жатқан сауалнамаларда екінші орында тұр.
- Біз оңшылдарға қарсымыз. Оңшыл идеялардың қайтадан қабылдануы, олар туралы қайтадан ашық айтыла бастағаны қорқынышты, - деді зейнеткер Вероника Франк Euronews-ке.
Наразылық акциясын белсенді топтар, сондай-ақ Мюнхен кинофестивалі, шіркеулер мен мюнхендік «Бавария» және «TSV 1860» футбол клубтары қолдады.
Осыған ұқсас наразылық шерулері Ганновер, Росток және Германияның басқа қалаларында да өтті.
Германия парламенті ХДО-ның иммиграциялық реформаларын қабылдамағанын жазған болатынбыз.