Мюнхенде атыс ұйымдастырған жігіт қылмысты бір жыл бойы жоспарлаған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мюнхенде атыс ұйымдастырған жігіттің үйін тінту барысында тергеушілер оның бұл қылмысқа ұзақ дайындалғанын айғақтайтын дәлелдер тапты. Полиция мәліметі бойынша, қылмыскер дайындықты бір жыл бұрын бастаған, деп жазады РБК.
Сондай-ақ тергеушілер қылмыскердің қаруды интернет арқылы заңсыз алғанын анықтады.
Осыған дейін прокуратура өкілі Томас Штайнкраус-Кох қылмыскердің психикалық ақауы бар болуы мүмкін деп мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, жігіт депрессияға байланысты дәрігердің көмегіне жүгінген. Сонымен бірге полиция 18 жастағы Германия азаматының тоғыз оқпанды Glock тапаншасын пайдалғанғанын, оның сөмкесінен 300 патрон табылғанын хабарлады. Шабуылдаушы жігіт мектепте оқыған, оның бөлмесін тінту кезінде жалғыз адамның қарулы шабуыл жасауы туралы ақпараттар берілген түрлі газеттер мен журналдар табылған.
Сонымен бірге ресми орган қылмыскердің Ислам мемлекеті лаңкестік ұйымына қатысы бар екендігін айғақтайтын еш дәлел таппағанын айтты.
Еске сала кетейік, 22 шілде күні кешкі уақытта Мюнхендегі «Олимпия» сауда үйі маңында белгісіз біреу оқ жаудырып, 10 адам қаза тапты. Оның ішінде атысты ұйымдастырған жігіт те бар. Белгілі болғандай, оның есімі Давид Сонболи, иран тумасы, жасы 18-де.