Мюнхенде оқитын екі қазақ студенті дін-аман
АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияның Ницца қаласындағы оқиға қазақстандықтар үшін де трагедияға айналғаны белгілі. Шыны керек, теракт кезінде Қазақстанның бір емес, төрт азаматы қаза табады деп ойламаған едік. Сондықтан, қазір шет елдерде орын алған кез келген оқыс оқиғада алдымен өз азаматтарымыздың амандығын білуге асығатын болдық.
Өкінішке қарай, кеше Мюнхен қаласында да қарулы қылмыскер оншақты адамның өмірін қиды. Оқиға қаладағы ірі сауда орнында болғандықтан, ол жерде кез келген ұлт өкілінің жүруі әбден мүмкін еді. Сондықтан, демалыс күніне қарамастан, таңертеңнен бері ҚР Сыртқы істер министрлігінің, Германиядағы Қазақстан Елшілігінің, Мюнхендегі Қазақстан Консулдығының, «Болашақ» қауымдастығының телефонына тыным бермей, біз сол елдегі азаматтарымыз бен студенттеріміз жайлы ақпарат жинадық. Ізденісіміз зая кетпей, Мюнхенде «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып жүрген екі қазақ студентінің аман екенінен хабардар болдық.
«Мюнхен қаласында «Болашақ» бағдарламасы бойынша Аян Исаханов пен Бибігүл Шектібаева атты екі студент білім алады. Оларға хабарластым. Екеуі де аман-есен»,-деді «Болашақ» бағдарламасының Берлиндегі өкілі Айман Әубәкірова.
Германиядағы Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері хабарлағандай, кешегі оқиғадан кейін елшілік қызметкерлері Мюнхен қаласындағы және жалпы Германияда жүрген Қазақстан азаматтарына сақтық шаралары туралы айтып, демалыс күндері адам көп жиналатын орындарға бармауға кеңес берген. ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов мәлім еткендей, соңғы ақпарат бойынша Мюнхендегі атыс кезінде қаза тапқандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Ал, жалпы, қалада Қазақстанның неше азаматы білім алып, жұмыс істейді деген сұрақтың жауабын тек ресми сауал арқылы білуге болатынын айтты.