Мюнхендегі бәсекеде Евгений Королев әлемнің 37-ші ракеткасын қапы қалдырды

АСТАНА. 1 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Евгений Королев немістің Мюнхен қаласында жалауын көтерген ATP BMW Open-2013 додасының екінші айналымына жолдама алды. Бұл хақында Vesti.kz жазып отыр.
None
None

Бірінші айналымда жерлесіміз Кипрдің 27 жастағы өкілі Маркос Багдатисті қапы қалдырды. Алғашқы сетте кипрлық спортшының бағы жанып, ол Королевті 2:0 есебімен ұтқан. Бірақ отандасымыз дес бермей, 11-ші геймде брейкке қол жеткізді. Нәтижесінде ойынның алғашқы бөлігі 7:5 есебімен аяқталды.

Екінші партияда жеңімпазды тай-брейк арқылы анықтауға тура келді. Онда Королев қарсыласының алдын орап, 7:3 есебімен озды.

Айта кеткен жөн, АТР рейтингісі бойынша қазақстандық теннисші 195-ші сатыға жайғасқан, ал Багдатис әлемнің 37-ші ракеткасы саналады. Бұған дейін аталмыш қос спортшы өзара шеберліктерін сынап көрмеген.

Келесі айналымда жерлесіміздің жолы Филипп Кольшрайбермен түйіседі. Бұл неміс теннисшісі үшін бәсекедегі алғашқы кездесуге айналмақ.

Айта кетейік, Королев жарыстың негізгі сеткасына біліктілік жарыстары арқылы еніп отыр.

Соңғы жаңалықтар