Н.Әшім Қоршаған ортаны қорғау министрі ретінде Елбасы жүктеген міндеттерді орындады - К.Мәсімов
АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Нұрғали Әшім Қоршаған ортаны қорғау министрі ретінде Елбасы жүктеген міндеттерді орындады.
Бұл туралы бүгін аталған ведомствоның жаңа басшысын таныстыруға келген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов айтты.
«Мен ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына сайланған Нұрғали Сәдуақасұлын құттықтағым келеді. Үкіметтегі біздің бірлескен жұмыстарға ризамын. Менің ойымша, сіздің алдыңызға қойылған Мемлекет басшысының көптеген міндеттері орындалды», - деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар алдағы уақытта да көптеген міндеттерді бірлесіп шешу қажеттігін баса айтқан Үкімет басшысы бұл ретте Н.Әшіммен биліктің заң шығарушы тармағында ынтықмаса жұмыс істейтіндіктеріне сенім білдірді.
Өз кезегінде Қазақстан халқы мен Елбасына зор сенім артқандары үшін алғысын білдірген Н.Әшім: «Менің түсінуімше, бұл сенім тек маған ғана емес, сонымен қатар біздің министрлікке, жалпы экология саласына көрсетілген деп есептеймін. Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент жаңа қызметкер, бұрынғы қызметкер деп бөлінбей ынтымақтаса жұмыс істеу міндетін қойды. Сондықтан Президент тапсырмасын барлығымыз бірлесіп орындауымыз қажет», - деді.