Н.Ерімбетов бастаған Республикалық қоғамдық комиссияның мүшелері барлық өңірде сайлаудың өту барысын бақылауда
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «АйтПарк» пікірсайыс клубының төрағасы Нұрлан Ерімбетов бастаған Республикалық қоғамдық комиссияның мүшелері Қазақстанның барлық өңірінде сайлаудың өту барысын бақылауда.
Н.Ерімбетов, Астанада журналистерге берген сұхбатында, Республикалық қоғамдық комиссияның штабтары барлық облыстарда құрылғандығын және осы уақыттары олар ел президентінің кезектен тыс сайлауының өту барысын бақылап отырғандығын мәлім етті. Сайлау барысын штабтарды басқарған белгілі қоғам қайраткерлерімен бірге, 5 мың ерікті бақылауда. «Өкінішке қарай, олар сайлау учаскелерінің тек 50 пайызын ғана (республика бойынша барлығы 9 725 сайлау учаскесі құрылды) қамти алды. Дегенмен, өзге отандық және халықаралық байқаушылармен үнемі байланыс ұстап отырмыз», - деді ол.
Н.Ерімбетов атап көрсеткендей, түске дейін Астанада және өзге өңірлерде айтуға тұрарлықтай сайлау заңнамасын бұзулар болған жоқ. «Дегенмен, 15-тен астам сайлаушы штабымызға хабарласып, өздерін тізімнен таппай қалғандарын айтып шағымданды. Онымен бірге, қазір қосымша тізім деген жоқ. Әрине, бұл олардың азаматтық ұстанымдарының төмен болуының салдары. Себебі, өздерін сайлаушылар тізіміне қосуға алдын ала мүмкіндік болды. Дей тұрғанмен, мұнда қалалық сайлау комиссиясының да кемістігі бар. Себебі, Астана көші-қоны жоғары қала», - деді ол.
Қоғамдық комиссия төрағасының сөзіне қарағанда, бүгінгі сайлауда астаналықтардың белсенділігі жоғары. Ол бұл үрдісті ел президенттігіне үміткерлер штабтарының атқарған жақсы жұмысымен және Астана - әкімшілік қала болғандықтан, мемлекеттік қызметкерлердің көптігімен байланыстырды. Сайлау барысын Астанада (барлығы 214 сайлау учаскесі бар) аталмыш комиссияның 13 мүшесі бақылауда. Олардың қатарында Төрегелді Шарманов, Мұрат Әуезов, Серік Бимурзин, Ғаділбек Шалахметов, Владимир Коченов және басқалар бар.
«Алматыда, мүмкін ауа райының қолайсыздығынан болар, сайлаушылардың сайлау учаскілеріне келуі төмен. Алматылықтардың белсенділігі түстен кейін ояна түседі деген сенімдемін», - деді ол.
Комиссия мүшелері алғашқы қорытынды есепті сайлау аяқталғаннан кейін, сағат 22.00-ге қарай шығаруды жоспарлап отыр.