Н.Қаппаров Киото хаттамасы іс-қимылының екінші кезеңін жыл соңында ратификациялауды ұсынды
АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Киото хаттамасы іс-қимылының екінші кезеңін жыл соңында ратификациялауды ұсынады.
Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысында биылғы жылдың басында іске қосылған парниктік газдар шығарындыларына квоталарды сатудың Ұлттық жүйесінің аралық нәтижелері жайында баяндаған аталған ведомство басшысы Нұрлан Қаппаров мәлім етті.
Бұл саладағы Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне тоқталған ол: «Қазіргі уақытта Киото хаттамасы іс-қимылының екінші кезеңі туралы шешім қабылданды, бұл 2013-2020 жылдар. Екінші есепті кезеңде Қазақстанға 1990 жылғы деңгейге қарағанда парникті газдар шығарындыларын шектеу және 95 пайыз деңгейінде қысқарту сынды бірқатар міндеттемелер бекітілген. Бұл міндеттемелер күшіне енген жоқ, өйткені ратификациялауды қажет етеді», - деді.
Н.Қаппаровтың атап өтуінше, министрлік аталған түзетулерді ратификациялау туралы шешімді ағымдағы жылдың соңында Варшавада өтетін тараптар конференциясынан кейін қабылдауды ұсынады. Өйткені аталған алқалы жиында қарастыруды талап ететін бірқатар жайттар бар.