Н. Назарбаев: Алда бізді көптеген ауқымды шаралар күтіп тұр
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ынтымағымыз арқылы, ортақ Отанымыздың іргесінде ізгілік ұялап, төрінде татулық орнаған жерұйық өлкеге айналдық. Бұл туралы бүгін Астанада Наурыз мейрамына арналған мерекелік кеште Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқапарат.
«Алда бізді көптеген ауқымды шаралар күтіп тұр. Біз биыл күллі адамзат баласын дүр сілкіндірген екінші Дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 65 жылдығын атап өтеміз. Осылайша, ерлікке тағзым етіп, тарихқа құрмет көрсетеміз»,- деді Президент.
Сонымен қатар Қазақстан Конституциясының 15 жылдығы мерекеленетініне тоқталған Елбасы, «Тәуелсіздігіміздің берік діңгегіне айналған Ата заңымызды ұлықтау арқылы біз егемен еліміздің еңсесін көтеріп, ұлысты ұйыстыра түсеміз», деді.
«Міне алдағы жылы біз Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлайық деп отырмыз. Тарлан тарих үшін тым қысқа болып есептелетін осы жылдар аралығында наурыз шын мәнінде, Ұлыстың Ұлы күніне, мемлекетіміздің мерейлі мерекесіне айналды»,-деп атап өтті Елбасы.
Қазақстанның басты байлығы - береке, бірлігі жарасқан халқы, деп тоқталған Мемлекет басшысы, «Осы ынтымағымыз арқылы, ортақ Отанымыздың іргесінде ізгілік ұялап, төрінде татулық орнаған жерұйық өлкеге айналдық», деді.