Н.Назарбаев әлем елдерін лаңкестікті бейбітшілік сүйгіш исламмен теңестіруге жол бермеуге шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлем елдері лаңкестікті бейбітшілік сүйгіш исламмен теңестіруге жол бермеуі қажет. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Мен лаңкестікті бейбітшілік сүйгіш исламмен және басқа да діндермен теңестіруге жол берілмеуі тиістігін бірнеше мәрте атап өттім. Біздің бастамамызбен ағымдағы жылдың мамырында БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында «Дін мен әлем» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі сұхбаттастық өткізілетін болады»,- деді ҚР Президенті.
Осы ретте Н.Назарбаев барлық елдерді аталған форумға қатысып, лаңкестік пен экстремизмге, дінді жаһандық зұлымдықты тасалау үшін пайдалануға бірігіп қарсы тұруға шақырды.