Н.Назарбаев: Анда-санда табанға тас батпаса, даңғыл жолдың қадірі де білінбейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі қиыншылықты табанға батқан кішкентай қиыршық тастар деп бағалайық. Бұл туралы бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Индустрияландыру күні аясындағы жиын барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

Н.Назарбаев: Анда-санда табанға тас батпаса, даңғыл жолдың қадірі де білінбейді

«Құрметті отандастарым! Тұрақты даму деген бізге жоғарыдан біреу салып берген бұдырсыз даңғыл жол емес. Ешкімнің бізге сыйлығы емес. Әртүрлі кедергілер мен қиындықтар кездесіп отыруы заңдылық. Өмір солай. Өмір оңай емес. Өмір - күрес. Өмір - бәсеке. Әр адамға, әр елге, әр мемлекетке жеңіске жету үшін сол күрестерде жеңу қажет. Тек қана жақсыға кенеліп үйренген жан ол жақсылықты бағаламайды. Анда-санда табанға тас батпаса, даңғыл жолдың қадірі де білінбейді. Сондықтан да қазіргі қиыншылықты сол табанға батқан кішкентай қиыршық тастар деп бағалайық», - деді Н.Назарбаев.

Осы ретте Елбасы ең бастысы бірлігімізге бекем болып, татулықты ту ете білу керектігін баса айтты.

«Әрбір адам тұрақтылықтан айнымай, қоғамдық келісімді тұғыр ете білейік. Ел бірлігі ешқашан құны түспейтін, жыл өткен сайын маңызы артып, мәні тола түсетін шексіз байлық болып саналады. Сол байлықты көркейте берейік»,- деді ҚР Президенті.