Н. Назарбаев: Білікті маман қайда болса, экономика да сонда барады
АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - Білікті маман қайда болса, экономика да сонда барады. Бүгін Астанада «Болашақ» халықаралық стипендиясының 20 жылдық мерейтойына арналған форум барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.
«Ғылыми қамтымды экономиканы тиімді білім жүйесінсіз елестету де мүмкін емес. Бұл бағытта біз білім беруді мектеп партасынан бастап өзгертуге ұмтылып жатырмыз. Бұндағы басты міндет келешектің педагогтарын даярлауда болып отыр. Мәселен, Финляндияда педагогтарды мектеп бітіруші сынып арасынан іріктеп, сол түлектердің ішінен ең үздік оқитын 10 пайызынан ұстаз даярлайды. Сингапурде мұғалімдер жыл сайын 100 сағаттық курстан өтеді. Жапонияда мұғалімдер үшін жетілудің жіті тәсіліне тұтастай жыл арналады», - деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы дуалды оқыту жүйесіне тоқтала келе, мәселе білікті мамандар туралы болып отырғанынан назар аудартты.
Президенттің пайымынша, білікті маман қайда болса, экономика да сонда барады. «Сондықтан да, немістің дуалды білім беру жүйесі бізде толығымен қолданылуы керек», - деді Елбасы.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы соңғы жылдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандыққа оқитындардың 25 пайызы ғылым мен білім саласына тиетінін айтып, бұны алдағы уақытта арттыра беру қажеттігін де еске салды. Н. Назарбаев бұл бағытта «болашақтықтар» басым рөл атқаруы тиістігін айтты.