Н.Назарбаев Білім және ғылым министрлігіне және алаты әкімдігіне студенттер үшін арзан жатақханалар салу мәселесін қарастыруды тапсырды
АСТАНА. 12 мамыр. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрлігіне Алматы әкімдігімен бірлесе отырып, студенттер үшін арзан жатақханалар салу мәселесін қарастыруға тапсырма берді,
деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі Алматыдағы кеңес қорытындысы бойынша.
Бүгінде қаланың 20 мыңға тарта студенттері жатақханамен қамтамасыз етілмеген, олар пәтер жалдауға мәжбүр, жоғары оқу орындарының көзінен таса қалған. Қолда бар жатақханалар шамадан тыс толған. Көптеген жатақханалар 60-шы жылдары салынған, көпшілігі күрделі жөндеуді қжет етеді. Жоғары оқу орындары, әсіресе жеке меншіктегілер жыл сайын оқыту ақысын көбейтуде, алайда өз студенттеріне қалыпты тұрғын жай-тұрмыстық жағдайлар жасауды естен шығарған. «Біз оларды қаншалықты тәрбиелейміз, патриотизмді, отанға сүйіспеншілікті қалай дарытамыз, - болашақ соған байланысты. Өткен электоральдық кезеңде қала жастары, студенттер қауымы өздерінің жоғары азаматтық белсенділігін көрсетті. Әкімдік және «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы жас адамдардың күш-жігерін жасампаздыққа бағыттауы, олардың проблемаларын шешулері тиіс», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан басқа Мемлекет басшысы Азиадаға қалада көптеген әлемдік деңгейдегі спорт нысандары салынғанын атап өтті. Олар халықтың кең жіктері үшін, ең алдымен балалар, жастар, студенттер үшін қолжетімді болуы тиіс.
Президент әкімдікке бұл нысандар қалай тиімді пайдаланылуына бақылау орнатып, оларға кіру ақысы қолжетімді болуын қамтамасыз етуге, жоғары оқу орындарымен жұмыс істеуге тапсырма берді.