Н. Назарбаев: Бірлік - біздің қасиетті туымыз
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының ел бірлігіне ерекше көңіл бөлетінін жұртшылық жақсы біледі. Оның көп алдында сөйлеген кезде ең жиі ауызға алатыны да береке-бірлікті сақтау мәселесі екені баршаға мәлім. Бұл ретте Мемлекет басшысының әр кездері айтқан, бүгінде қанатты сөзге айналып кеткен сан алуан тақырыптағы оралымды ой, пайымды пікірлері жеткілікті.
Ертеңгі ұлық мереке - Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Ақорданың Фейсбуктегі парақшасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел бірлігі жөніндегі нақыл сөздерінің топтамасы жарияланды:
***
Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен, өзімізге - қазақтарға керек.
***
Бірлік - біздің қасиетті туымыз.
***
Үдеудің сыры - бірлікте.
Жүдеудің сыры - алауыздықта.
***
Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады.
***
Біздің бабаларымыз тірі болуы үшін бір болған, біз ірі болу үшін бір болуымыз керек.
***
Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз.
***
Егерде халықтың бірлігі болмаса, отансүйгіштік жанқиярлығы болмаса, бұл жер, қазақ деген халық, Қазақстан деген тәуелсіз ел де болмас еді.
***
Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ.
***
Ел бірлігі - ең асыл қасиет.
***
Қазақты еш уақытта сырттан жау алған емес, ала алған емес, қазақ әлсіресе - алауыздықтан әлсіреген, күшейсе - бірліктен күшейген.
***
Қазақ өзімен-өзі тату болмай, өзгемен ешқашан тату бола алмайды.