Н.Назарбаев: «Болашақ» түлектері - Қазақстанның ең қиын заманында капиталына құйған үлкен инвестициясы

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - «Болашақ» түлектері - Қазақстанның ең қиын заманында капиталына құйған үлкен инвестициясы. Бұл туралы бүгін «Болашақ» халықаралық стипендиясының 20 жылдығына арналған форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

Н.Назарбаев: «Болашақ» түлектері - Қазақстанның ең қиын заманында капиталына құйған үлкен инвестициясы

Қазіргі таңда «Болашақ» түлектері елімізде басқарудың алғы шебінде тұрғанын баса айтқан Елбасы: «Сіздердің білімдеріңіз біздің шынайы жетістігіміздің біріне айналды. Қазақта «Не ексең, соны орасың» деген сөз бар. Біз сіздерді болашақ үшін ектік. «Болашақ» түлектері Қазақстанның ең қиын заманында капиталына құйған үлкен инвестициясы болып табылады. «Болашақ» стипендиаттары, сіздер - елдің болашағысыздар. Мәңгілік ел болу деген алдымызға мұрат қойдық. Сол жолда жұмыс істейтін сіздер боласыздар. Бұл ұлы мақсат қою, ұлы мақсатқа жету - тек қана ұлы халықтың қолынан келетін іс. Біз өзімізді ұлы халықпыз деп санайтын болсақ, ұлылыққа жетеміз», - деді.

Қазақ елі көз тіккен асқар асуларға жету үшін білім керектігін де баса айтқан Мемлекет басшысы: «Биік белестерді бағындыру сендердің біліктіліктеріңді талап етеді. Бүкіл ел сенім артып, сіздерді жіберді, оқытты. Ол сенімді игілікпен ақтау сіздер үшін ұлы парыз болып табылады. Сол ұлы парыздың шыңына шығасыздар деп сенемін», - деді.