Н. Назарбаев дамушы елдерге үлгі боларлық қазақстандық даму жолының моделін қалыптастырды - Мемлекеттік хатшы

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев дамушы елдерге үлгі боларлық қазақстандық даму жолының моделін қалыптастырды.

Н. Назарбаев дамушы елдерге үлгі боларлық қазақстандық даму жолының моделін қалыптастырды - Мемлекеттік хатшы

Бүгін Астанада «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты «Бірінші Назарбаев оқулары» халықаралық  форумы барысында сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті.

«Америкалықтарда ежелден қалыптасып, фразеологиялық айналымда жүрген «негізін қалаушы-әкелер» атты түсінік бар. Мұндай керемет атауға АҚШ мемлекеттік қайраткерлері Джордж Вашинтон, Томас Джефферсон, Джеймс Мэдисон, Александр Гамильтондар жатқызылатынын бәріңіз білесіздер. Бәлкім бұл мінберден мен нені меңзегім келіп отырғанымды көпшілік түсінген болары. Иә, шынымен де Нұрсұлтан Назарбаев барлық қазақстандықтар үшін тәуелсіз Қазақстанның «негізін қалаушы-әкесі» болып табылады. Бұл еш артық айтқандық емес», - деді Мемлекеттік хатшы.

Сонымен қатар, М.Құл-Мұхаммед Елбасының Тәуелсіздік туралы декларация мен заңның негізін қалағанын, Ата заңды жаңғыртуды жүзеге асырғанын, осының нәтижесінде елімізде түрлі бағытта реформалар тиімді атқарылғанын атап өтті.

Оның айтуынша, Тұңғыш Президенттің пәрменімен жабылған ядролық полигон Қазақстанды «бейбітшілік аймағына» айналдырып, еліміз әлемдегі антиядролық қозғалыстың лидері атанды.

«Н. Назарбаев көпұлтты Қазақстанды барша қазақстандық қоғам үшін тұрақтылық пен келісім факторына айналдырды. Тек Нұрсұлтан Әбішұлы ғана тарихи өлшеммен алғанда аса қысқа уақыт ішінде табысты саяси, экономикалық және әлеуметтік мемлекетке айналдырды. Президент арқасында жүзеге асқан қазақстандық жол моделі әлемнің көптеген дамушы елдері үшін үлгіге айналып отыр», - деді Мемлекеттік хатшы.