Н. Назарбаев: Дүние дағдарысынан тек қуатты индустрияға ие ел ғана құлпырып шыға алады

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Әлемнің озық отызының қатарына ену үшін жан басына шаққандағы өнімнің ең кемі 60 мың долларды құрауы керек. Бүгін Астанада «Болашақ» халықаралық стипендиясының 20 жылдық мерейтойына арналған форум барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.

Н. Назарбаев: Дүние дағдарысынан тек қуатты индустрияға ие ел ғана құлпырып шыға алады
«Үшінші индустриялық революция - бұл біздің болашақ. Ол жұртшылыққа жаңа мүмкіндік ашады. Сіздер де менен жақсы білесіздер, жаңа білім, жаңа технология - осылардың бәрі біздің бүгінгі көзқарасымызды түбегейлі төңкеріп тастай алады. Ендігі 30-40 жылдан соң дамыған елдердің клубына мүлдем басқа елдер мүше болуы да әбден мүмкін. Сондықтан да, біз бүгінгі күні ғасырдың орта тұсында ең басты перспективалы елдер кім болуы керектігін нақты көз алдымызға елестетуіміз керек», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл ретте Елбасы дамыған отыз елдің қатарында болу жалпы ішкі өнімнің жоғары деңгейімен ғана өлшенбейтінін де жеткізді. Президенттің айтуынша, сарапшылар бағалауына сәйкес, озық отыздың арасында болу үшін Қазақстанға ең кем дегенде жан басына шаққандағы 60 мың доллар болуы шарт. «Ал осы деңгейді сақтап тұру үшін экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз етуге тиіспіз. Бізге Құдай берген жер қойнауының байлығы бар. Мұнайымыз, газымыз, алтын мен көміріміз де баршылық. Бұл біздің кемшілігіміз емес, оны экономиканың басқа қырларын серпілтетін мүмкіндігіміз деп қараған ләзім. Соған біз кірісіп те жатырмыз», - деді Н. Назарбаев. Бұдан бөлек, Елбасы жаһандық дағдарыс мәселесіне тоқтала келе бұған қатысты да өз пайымын паш етті. «Дүние дағдарысынан тек қуатты индустрияға ие ел ғана құлпырып шыға алады. Сондықтан да біз индустрияландыру саясатына кірістік. Әлбетте, бұл - аса күрделі міндет. Мәселе Қазақстанның әр түкпіріне кәсіпорындарды қаптата беру емес, біздің бұған мүмкіндіктеріміз де баршылық. Мәселе салынатын кәсіпорындардың қандай бағытта екендігінде болып отыр. Бізге әлемдік деңгейдегі бәсекеге төтеп беретін кәсіпорындар қажет. Өйткені, біз - Кедендік одақ аясында шынығып алып, ДСҰ-ны бетке ұстаған елміз», - деді Н. Назарбаев.