Н.Назарбаев ЕҚДБ президенті С.Чакрабартимен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сумо Чакрабартимен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Н.Назарбаев ЕҚДБ президенті С.Чакрабартимен кездесті

Кездесу барысында ЕҚДБ-ның Қазақстандағы қызметінің негізгі бағыттары қарастырылып, бұдан арғы перспективалық жоспарлары айқындалды.

Қазақстан Президенті Шетелдік инвесторлар кеңесі ЕҚДБ-ның қатысуымен құрылғанына назар аударды. Мемлекет басшысы биыл банктің құрылғанына және біздің елдің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толуының символдық мәні бар екенін атап өтті.

- Осы жылдардың бәрінде ЕҚДБ республикамыздың сенімді серіктесі болып келеді. Біздің ынтымақтастығымызға 20 жылдан асып барады, мұндай өзара іс-қимылды өте жоғары бағалаймыз. 2014 жылы ынтымақтастығымыздың жаңа стратегиясы қабылданды, ол аса ауқымды жұмысты қамтиды, - деді Мемлекет басшысы.

С.Чакрабарти ЕҚДБ-ның Шетелдік инвесторлар кеңесін жаңадан шетелдік инвесторларды тартудың және біздің елдегі реформаларды ілгерілетудің тиімді тетігі ретінде қарастыратынын айтты.

- Кеңес мүшелері Сіздің көшбасшылығыңызды жоғары бағалайды. Жалпы, біздің серіктес болғанымызға 20 жылдан асып бара жатқанымен, оның шарықтау кезеңі соңғы жылдармен тұспа-тұс келіп отыр. Сондай-ақ Сізге және Сіздің елдің үкіметіне биыл ЕҚДБ президенті қызметіне қайтадан ұсынылған менің кандидатурамды қолдағандарыңыз үшін алғыс айтамын. Бұл ынтымақтастығымызды жалғастыру үшін тағы 4 жылға мүмкіндік береді, - деді Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті.

С.Чакрабарти біздің елдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласында қол жеткізілген өзара іс-қимылдың деңгейі жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ЕҚДБ қызметі үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуының маңыздылығын айтты және еліміздегі жекешелендіру үдерісіне де қызығушылық білдірді.