Н.Назарбаев: Экономикалық форумдар Қазақстанға сенім мен қызығушылық туындатуға септігін тигізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев XX Петербург халықаралық экономикалық форумының қорытындысына орай қазақстандық БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, брифинг барысында Мемлекет басшысы Халықаралық экономикалық форумға қатысуының негізгі қорытындылары, сонымен бірге осы шара аясында өткізілген келіссөздер нәтижелері жайында сөз қозғады.
«Ең бірінші кезекте біз осынау қиын-қыстау кезеңде Санкт-Петербор экономикалық форумын және Ресей басшылығын қолдадық. Мұнан бөлек, форумда сөз сөйлеуім барысында мен бірқатар мәселедегі Қазақстанның ұстанымын тағы бір мәрте білдіріп, біздің еліміздің қандай инвестициялық мүмкіншілікке ие екендігін және он одан ары дамыту үшін біздердің қандай қадамдар жасап жатқандығымызды айтып бердім», - деді Қазақстан Президенті.
Осы ретте Мемлекет басшысы форум аясында ресейлік іскерлік орта өкілдерімен жемісті кездесулер өткендігін де еске салып өтті.
«Оның ішінде мен ресейлік бизнес капитандары елдің ірі мемлекеттік корпорациялары мен жеке компанияларының басшыларымен кездестім. Оның басым көпшілігі Қазақстанда жұмыс істейді. Бүгінде бізде Ресеймен бірлескен 6 мыңдай кәсіпорын бар. Жоспарланған жобалар қоржыны 25 млрд долларға жуықтайды. Оның 6-7 млрд доллары шағын және орта бизнеске тиесілі. Бұл күрделі дағдарыс уақытында зор демеу. Біз мұнымен жұмысты жалғастыратын боламыз. 4 қазанда Қазақстанда дәстүрлі Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы өтетін болады. Оның аясында өте көп іскерлік кездесулер өтеді. Оған біз ресейлік компаниялармен нақты уағдаластыққа қол жеткізу үшін дайындалатын боламыз», - деді Елбасы.
Мұнан бөлек, Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы пан Ги Мунмен және РФ Президенті Владимир Путинмен арадағы келіссөздерге де тоқталды.
«Пан Ги Мунмен кездесу барысында біз әлемдегі қазіргі ахуалға және ұйыммен ынтымақтастықты одан ары дамыту келешегіне қатысты пікір алмастық. Ресей Президентімен келіссөздер барысында Ташкентте өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің күн тәртібіндегі мәселелерді талқыладық», - деді Н.Назарбаев.