Н. Назарбаев - елдегі ұзақмерзімді жоспарлардың, терең саяси һәм экономикалық реформалардың кепілі - Р. Мұқашев

Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндаған Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев осылай мәлім етті.
«Мемлекеттігімізді құрушы әрі егемен Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық дамуына өлшеусіз үлес қосқан ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н. Назарбаевтың рөлі ерекше. Қазақстан халқының ғана емес, әлемдік қауымдастықтың алдында Елбасының беделі биік әрі баянды. Президент Н. Назарбаевтың дана саясатының арқасында елімізде ұлтаралық келісім мен халықтар достығы мызғымас күйде тұр, экономикалық өсім де қамтамасыз етілуде. Жалпы қазақстандықтар өз лидеріне толық сеніммен қарайды. Ол ұзақмерзімді жоспарлардың түбегейлі атқарылуының, мемлекеттік прогрестің тұрақтылығының, терең саяси әм экономикалық реформалардың кепілі», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев.
Сонымен қатар конституциялық өзгерістерге тоқталған депутат, тәуелсіз мемлекетті қалыптастырушы әрі құрушы ретінде Н. Назарбаевтың тарихи рөлі мен миссиясын сезіне отырып, республикалық референдумда ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының президенттік өкілеттіктерін ұзартуды қарастыратын ҚР Конституциясының 5 бабы 42- тармағына өзгерістер енгізуді қабылдаудың ұсынылғанын жеткізді. «Конституцияның 3-бабына сәйкес, мемлекеттік биліктің жалғыз көзі - халық. Халық өзінің билігін республикалық референдум арқылы жүзеге асыра алады», - деді комитет төрағасы Р. Мұқашев.