Н.Назарбаев: Ең басты сын-қатер - Қазақстан экономикасының бір орында тұрып қалуына жол бермеу

АСТАНА. ҚазАқпарат - VІІІ Астана экономикалық форумында ҚР Президенті Қазақстан экономикасына төніп тұрған сын-қатерлер туралы айтты.

Н.Назарбаев: Ең басты сын-қатер - Қазақстан экономикасының бір орында тұрып қалуына жол бермеу

«Бүгінгі таңда ел экономикасына төніп тұрған бірнеше сын-қатерлер бар. Солардың ең бастысы - экономикамыздың бір орында тұрып қалу қаупі. Мұны болдырмау үшін батыл қадамдар жасап жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Кеңес Одағы кезінде шикізат көзі болды. Өзі ештеңе өндірмеді. Қазір экономикамызды тәуелсіз етуге талпынып жатырмыз. 800-ден астам зауыттар салдық. 1.5 млн-нан астам жұмыс орнын аштық. Біз сияқты енді дами бастаған елдердің барлығы «орта табыс тұзағына» түсіп қалады. Бүгінгі күні, мен айтпай-ақ қояйын, сіздер жақсы білесіздер, көптеген елдер осы жан басына шаққандағы 12-14 мың долларлық орташа табысқа қанағат тұтып, ары қарай дамымай қалады. Бұл «тұзақ» біз үшін өте қауіпті, сондықтан біз оған түсіп қалмай, одан әрі дамуымыз қажет», - деді Н.Назарбаев VІІІ Астана экономикалық форумында.

«Біз бұл жерде әрине, қиын жағдайға түсіп отырмыз. Экспорт бағасы да, санкциялар да және басқа да мәселелер бар. Бірақ біз бұған қарамай инфрақұрылымды дамытуға арналған бағдарлама жасап, оған үлкен көлемде қаржы құйып жатырмыз. Бұл қадамымыз ақталады деп есептейміз», - деді ол модератордың сұрағына жауап беру барысында.