Н.Назарбаев: Ең қиыны - өңдеуші өнеркәсіпті индустрияландыру еді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индустрияландыру бағдарламасында ең қиынға соққаны өңдеуші өнеркәсіп саласын индустрияландырып, жаңа өндірістер ашу болды. Бұл туралы бүгін 2016 жылғы бірінші жартыжылдықтағы индустрияландыру қорытындысы жөніндегі кеңес барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
Дегенмен, Президент атап өткендей, индустрияландыру бағдарламасы басталғаннан бері, өңдеуші өнеркәсіп саласында мыңнан аса кәсіпорын ашылған екен.
«Бүгін іске қосылған кәсіпорындардың барлығы оңайлықпен іске қосылған жоқ, сондықтан да, қазіргі қиын жағдайда олар ел дамуына үлес қосуы керек», - деді Президент телекөпір арқылы өңір-өңірдегі жаңа кәсіпорындарды іске қосқан соң.
«Осыдан алты жыл бұрын индустрияландыру бағдарламасын бастаған едік, бұл жылдары өңдеуші өнеркәсіп саласында мыңнан аса кәсіпорын іске қосылып, қазақстандықтар үшін мүлде жаңа 500 өндіріс іске қосылды. Қазақстан бойынша екі жүз мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Тағы бір басты жетістік өңдеуші өнеркәсіптің оза дамуы. Кеңес одағы кезінде Қазақстан шикізат жеткізушінің рөлін ғана атқарып, өзінің машина құрылыс саласын, өңдеуші саласын дамытпаған ескерсек, бұл кәдімгідей үлкен төңкеріс. Міне, индустрияландыру осыдан басталады. Өңдеуші өнеркәсіптік индустриялануы неге сонша қиын болады? Себебі, оның негізі жоқ еді»,-деді Президент.
Н.Назарбаев атап өткендей, өсу қарқыны бойынша өңдеуші өнеркәсіп тау-кен өнеркәсібі саласын басып озып отыр.