Н. Назарбаев энергия үнемдеуді Оңтүстік Кореядан үйренуге шақырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Энергияны үнемдеуді үйренбесек, алдыңғы қатарлы 30 елдің құрамына кіруді ойлаудың өзі артық. Бұл туралы бүгін ҮИИД МБ 2014 жылдың І жартыжылдығы нәтижелерімен танысу барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Энергияны тиімді пайдалану, энергияны үнемдей білу Қазақстан үшін бүгінгі күні ауадай қажет. Энергия мен газдың құны бұдан былай өспесе, төмендемейді, біз қалайық, қаламайық, олардың бағасы әлемдік бағаға жақындауы заңдылық. Яғни, біздің болашағымыз тек энергияны үнемдеуде, энергияны аз пайдаланатын құрылғыларды пайдалануда жатыр. «Жасыл экономика» дегеніміз де осыдан шығады. Энергияны үнемдеуді үйренбесек, алдыңғы қатарлы 30 елдің құрамына кіруді ойлаудың өзі артық», - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Әбішұлы энергияны үнемдеуді үйрену үшін Оңтүстік Кореяның тәжірибесін алға тартты.
«Мен бұрынырақта тапсырма берген едім. Тасымалдау кезінде энергияны жоғалту деңгейін төмендету керек дедім. Ал онымен ешкім айналысып жатқан жоқ. Біз өзіміз шығарған энергияны тасымалдау кезінде 20 пайызын жоғалтамыз. Ал Оңтүстік Корея 7-8 пайызын ғана шығындайды. Өйткені олар энергия жоғалтуды дереу төмендететін технологияны пайдаланады. Бізге де электр стансаларын салуды емес, сол энергияны үнемдеуге көмектесетін жаңашылдықтарды енгізіп, зауыттар мен кәсіпорындарды жаңа құрылғылармен жабдықтау қажет», - деді Президент.