Н.Назарбаев индустрияландыру бағдарламасының 2-ші бесжылдығына бірқатар өзгертулер енгізуді тапсырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру бағдарламасының 2-ші бесжылдығына бірқатар өзгертулер енгізуді тапсырды.
«Қазірдің өзінде әлемде орын алып жатқан жайттарды ескере отырып, бағдарламаны өзектендіру қажеттілігі көрініп тұр. Инвестициялық белсенділік пен сұраныс төмендеуде, ал бәсекелестік күшейіп келеді. Сондықтан, мемлекеттік бағдарламаларды өзектендіру барысында өнімділікті, тиімділікті арттыруға, өнімділігі аз салаларды қолдаудан арылуға, ең алдымен экспортқа бағдарланған жобаларды іріктеуге баса назар аудару қажет», - деді Елбасы.
ҚР Президенті еліміз үшін жайлы болған жылдары ішінде 770 нысанның іске қосылғанын атап өтті. Бірақ, қазіргі жағдайда олардың басым бөлігі бәсекеге қабілетсіздік танытып, мемлекеттің қолдауы есебінен ғана қалт-құлт етіп тұр.
«Әсет Өрентайұлы (ҚР Инвестициялар және даму министрі), мұндай болмауы тиіс. Не үшін салдық, біз онда? Қазіргі уақытта біз келесі 5 жылдықты бастап кеттік. Осы жылдың өзінде 120 нысан құрылысы басталды. Ескеру қажет», - деді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаевтың атап өтуінше, кәсіпорындардың бәсекеге қабілетсіздігі сан қуудан туындап отыр, «Өңір басшылары кім көп жасайды, салады, баяндайды деп жарыс ұйымдастырды. Ал ендігі уақытта бұл кәсіпорындар жұмыс орындарын қысқартамыз деп Үкіметке көмекке жүгінуде»,- деген Елбасы 2016 жылдың 1 сәуіріне дейін бұл мәселелер бағдарламада ескеріліп, өзектендірілуі тиістігін баса айтты.