Н.Назарбаев: Қайта өңдеу өнеркәсібіне 10 трансұлттық компания тарту қажет
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қайта өңдеу өнеркәсібіне 10 трансұлттық компания тарту қажет. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Үкімет қайта өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласына 10 трансұлттық компания тарту бойынша жұмыстарды жүргізуі қажет. Бірден айтайын, ауыл шаруашылығы № 1-ші, бірнешеуін тартуға болады. Бірін етті қайта өңдеуге, келесісін астық, көкөністі қайта өңдеуге тартуға болады ғой», - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы мұндай трансұлттық компанияларға елімізде жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалуы тиістігін баса айтты.
«Бізде трансұлттық компаниялармен мұндай тәжірибе бар. Біз оларды мұнай және жер қойнауын игеруге тарттық. Дәл сондай компаниялар бар, біз оларды байқамай отырмыз. Осындай ұстаныммен қайта өңдеу салаларындағы трансұлттық компанияларға да барлық жағдай жасалуы қажет», - деді Мемлекет басшысы.