Н.Назарбаев: Қазақстан алдын ала әрекет етудің дағдарысқа қарсы стратегиясын қолдануда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан алғаш рет алдын ала әрекет етудің дағдарысқа қарсы стратегиясын қолдануда. Бұл туралы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында мәлім етті.
«Қазіргі жаһандық дағдарыс бізге кенеттен келген жоқ. Мен дағдарыстың жалғасып келе жатқанын, оның жаңа толқыны болатынын бірнеше мәрте айтқан болатынмын. Осы жолы Қазақстан алғаш рет алдын ала әрекет етудің дағдарысқа қарсы стратегиясын қолдануда»,-деді Елбасы. Осы орайда, Президент индустриалық-инновациялық дамудың екінші бес жылдығы басталғанын, яғни шикізаттық ресурстардан тәуелсіз экономика құрылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, екіншіден, инфрақұрылымдық дамудың «Нұр жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Дағдарысқа қарсы шаралардың маңызды аспектісі ұлттық валютаның еркін бағамға көшуіне байланысты болып отыр. «Үшіншіден, бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша біз «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын жүзеге асырудамыз. Парламент Ұлт жоспарын заң шығарушылық қадамдармен қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеуде және бұл тұрғыда депутаттарға алғыс айтуымыз керек. Бұл өте қиын жұмыс, себебі осы бағдарламаны жылдам іске қосу қажет болды. Осы орайда 80-ге жуық заң бар, олардың көбісіне қол қойдым. Олар біздің жоспарымыз бойынша алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеуді бастайды», - деді Елбасы.