Н. Назарбаев: Қазақстан ауыл шаруашылығы өндірісінде сапалы серпіліс жасауы шарт
АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Әлем азық-түлік өндіру тұрғысында түбегейлі өзгерістер қажеттілігінің алдында тұр. Бүгін «Астана Опера» жаңа мемлекеттік опера және балет театрында Тәуелсіздік куніне арналған салтанатты жиында Қазақстан халқына жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.
Жаһандық демографиялық қауіп-қатерге тоқталған Президент, «БҰҰ мәліметтері бойынша жершарындағы адам саны 6-дан 7 миллиардқа дейін жету үшін 10 жылдан астам уақыт қажет болды. Ғасырдың ортасында болжам бойынша планетаның халқы тағы 2 миллиардқа өсіп, 9 миллиард адамды құрайтын болады», - деді. Осы орайда Елбасы бұл мәселе өз кезегінде баршамыз үшін жауапкершілік жүктейтінін, яғни осы тұрғыда адамдардың еңбегі, азық-түлікпен қамтамасыз ету және басқа да салалардағы қадамдар ескерілуі тиіс екендігін айтып өтті.
«Қазақстанда адамның орташа жасы - 35 жас. Біздің жағдайымызда пайда табу үшін еңбекпен қамту, әлеуметтік қамтамасыз ету, денсаулық, отбасын бекемдеу мәселесін жоспарлау маңызды», - деп түйді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне тоқтала келе, «бүгінде әлемде 1 миллиардқа жуық адам азық-түлік жетіспеушілігін сезініп отыр. Әлем азық-түлік өндіру тұрғысында түбегейлі өзгерістер қажеттілігінің алдында тұр. Қазақстан ауыл шаруашылығы өндірісінде сапалы серпіліс жасауы шарт. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар», - деді.