13:51, 24 Маусым 2016 | GMT +5
Н.Назарбаев: Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайланса, қауіпсіздікті нығайту мәселелерін белсенді ілгерілетуге ниетті
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайланса, қауіпсіздікті нығайту мәселелерін белсенді ілгерілетуге ниетті. Бұл туралы бүгін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Өңірлік және халықаралық мәселелер тақырыбын қозғай отырып, ШЫҰ-ның сыртқы шекарасы бойында шиеленіс ошақтарының сақталып отырғандығын атап өткім келеді. Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Ауғанстандағы тұрақтылықты қолдау - маңызды», - деді Н.Назарбаев.
Осы ретте Елбасы Кабулдың жалпыұлттық диалогты жолға қою және саяси реформа жүргізу бойынша шараларына қолдау білдіретіндігін баса айтты.
«Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шарттың қатысушысы ретінде Қазақстан КХДР-дың ядролық бағдарламасы бойынша алтыжақты келіссөзді жандандыруды қолдайды. Толықтай алғанда, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайланатын болса, онда қауіпсіздікті нығайту мәселелерін белсенді ілгерілетуге ниетті», - деді ҚР Президенті.