Н.Назарбаев келешекте орын алар жаһандық оқиғаларды көрегенділікпен бағамдауда - Р. Раджабов
БАКУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы «Нұрлы Жол - Болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын барша посткеңестік кеңістіктің саяси, экономикалық зиялы қауымына арнады.
Бұл туралы Жолдауға байланысты пікірін білдірген беделді әзербайжан талдаушысы, 3rdVIEW орталығының басшысы Рауф Раджабов айтты.
Сарапшының пайымдауынша, Қазақстан Президенті жаһандық экономикалық күн тәртібін нақты айқындай білді: жетекші державалар арасындағы санкциялық текетірес салдарынан әлемдік экономиканы қалпына келтіру баяулады - мұнай бағасы құлдырап, әлемдік экономика өсімі төмендеді. Бұл ретте Халықаралық Валюта Қоры және Дүниежүзілік банк сияқты жетекші халықаралық экономикалық институттар жанама түрде Қазақстан Президентінің тұжырымын растайды.
Нұрсұлтан Назарбаев «таяу жылдар жаһандық сынақ уақыты болатынын бағамдай білді. Күллі әлем сәулеті өзгеретін болады. Осы күрделі кезеңнен барлық ел лайықты өте алмауы мүмкін. Мұндай жолды жұдырықтай жұмылған мықты ел ғана еңсеріп шығады...».
Басқаша айтқанда, Қазақстан Республикасының ұлттық және өңірлік мүдделерін қамтамасыз ету тікелей елдің бәсекеге қабілеттілігіне байланысты, ол өз кезегінде туындауы мүмкін қауіптер мен сын-қатерлерге уақтылы және тиімді ден қоя білген саяси және экономикалық зиялы қауымның қабілет-қарымына байланысты.
«Қазақстан Президенті Н. Назарбаев келешекте орын алатын жаһандық оқиғалар барысын алыстан болжамдап, көрегенділікпен бағамдауда. Тек экономикалық қуатты ел ғана қарқынды өзгерістегі әлемде көшбасшылық ұстанымды иелене алады. Бұл жағынан Қазақстан Президенті ұлттық және аймақтық көшбасшы екендігін тағы бір дәлелдеді. Республика, өңір халқын елде сапалы қайта құру үрдісін басқаруға әзір болуға үндеді», - деді Р. Раджабов.