Н.Назарбаев: «Кезектен тыс президент сайлауын өткізген жөн» деген пайымға келдім

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлау елімізді ұлы істерге ұйыстырып, баянды болашақ жолына біріктіре түсеріне сенемін. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу бастамасына орай халқымызға жолдаған үндеуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Н.Назарбаев: «Кезектен тыс президент сайлауын өткізген жөн» деген пайымға келдім

«Бүгін мен Сенат, Мәжіліс басшыларымен, Премьер-Министрмен, Конституциялық кеңес төрағасымен кеңес өткіздім. Таяуда Сенат төрағасының сауалына орай Конституциялық кеңес кезектен тыс президенттік сайлау өткізуге қатысты түбегейлі түсініктеме берді», - деді Елбасы.

ҚР Президентінің атап өтуінше, президенттік және парламенттік сайлау өткізудің күнтізбелік мерзімі 2016 жылға сай келеді. Ал мұндай жайтқа еліміздің Ата заңы жол бермейді.

«Менің Мемлекет басшысы лауазымындағы конституциялық өкілеттігім де 2016 жылы аяқталады. Халық екі ұсыныс айтуда. Біріншісі - ел президентін кезектен тыс сайлауын өткізу. Екіншісі - Президент өкілеттігі мерзімін ұзарту туралы референдум өткізу. Екі ұсынысты да жүзеге асыруға болады. Дегенмен, Конституция талаптарына сай келетін ең дұрысы сайлау өткізу болып саналады», - деді ҚР Президенті.

Елбасы сондықтан да халық мүддесін, олардың өтініштерін ескере отырып кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылдағанын атап өтті.

«Мен негізгі заңды мүлтіксіз орындау үшін және ел Конституциясының 41-бабы 3.1-тармағына сәйкес 2015 жылдың 26 сәуіріне кезектен тыс президенттік сайлауды тағайындау туралы Жарлыққа қол қойдым. Қазақстан үшін сайлау әруақытта да қоғамдық бірлік пен келісімнің жоғары тетігі болды. Қазірде және алдағы уақытта да солай боларына сенімдімін. Сайлау - бұл конституциялық патриоттық акт. Оны заңнамаға сәйкес ашық әрі әділ өткізу қажет. Отандық және халықаралық байқаушылар кеңінен қатысуы тиіс. Алдағы сайлауға өзімнің қатысуыма байланысты шешімді мен сәл кейінірек еліміздің Конституциясына және заңдарына сай қабылдаймын», - деді Н.Назарбаев.

«Қайта қаһарына мінген әлемдік дағдарыс жағдайында бірлік бізге бұрынғысынан бетер құнды. Мемлекеттің тыныштығы мен елдің бірлігін сақтап, дамыту Президенті бастап, елі қостаған кезде ғана баянды болмақ. Жауапкершілік бүкіл халыққа да жүктеледі. Осыны ұмытпайық. Алдағы биік белестер мен асқар асулар үшін біз барлық кедергілерді бағындырып, алға басуға тиіспіз.

Құзырлы органдар Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасы еліміздің Конституциясына және сайлау туралы заңға сай деген қорытынды шығарды. Мен сайлауға қатысты «иә» мен «жоқты» мұқият ой таразысына салдым. Сөйтіп, «кезектен тыс президент сайлауын өткізген жөн» деген пайымға келдім. Сайлау елімізді ұлы істерге ұйыстырып, баянды болашақ жолында біріктіре түсеріне сенемін. Қазақстандықтарды ел тарихындағы тағы бір тағдырлы оқиғаға жауапкершілікпен қарап, белсене қатысуға шақырамын.

Баршаңызға бірлік пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін», - деді Елбасы халыққа арналған үндеуінде.