Н.Назарбаев қоғамдағы тыныштықтың, ынтымақтастық пен әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі - ТМД ПА хатшылығының өкілі Юрий Андреев
МИНСК. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Айтуар Мамлин/ - Президенттік өкілеттіктің мерзімін ұзарту жөніндегі референдумнан бас тартып, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу - дұрыс,
салмақты және сарабдал шешім. ТМД Парламентаралық ассамблеясы хатшылығының өкілі Юрий Андреев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осындай пікір айтты.
Оның айтуынша, Қазақстанның іс басындағы Президентінің өкілеттігін 10 жылға ұзарту идеясы - Франция, Германия, Грекиядағы, «отқа оранған» Мысырдағы жағдайларға қарап, "Елбасының дана басшылығының арқасында бейбіт, ешқандай дүрбелеңсіз өмір сүріп жатырмыз, қоғамды өзгертуге ешқандай қажеттілік жоқ" деп ойлаған халықтың идеясы.
«Осы контексте Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдағы тыныштықтың, ынтымақтастық пен әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі және халық осыны сезініп отыр. Бүгінде Н.Назарбаевтың халықаралық аренадағы беделі өте зор. Ол халқының зор сеніміне ие болып отыр, халық оны өз болашағының кепілі ретінде тануда. Оның өкілеттігін ұзарту туралы бастаманың көтерілуіне міне осының бәрі негіз болып отыр», - дейді Ю.Андреев.
ТМД хатшылығының өкілі сондай-ақ, «Назарбаев, өзінің қазіргі президенттігі екі жылға қысқаратындығына қарамастан, мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы дұрыс, салмақты және сарабдал шешім қабылдап отыр», - деді. «Қазақстан Президенті бұл шешімімен өзінің саяси әлеуетін, қуатын және мүмкіндігін паш етті. Бұл әлем қоғамдастығына Қазақстан басшылығының демократиялық қағидаларды ұстанған бағытын, халықтың ел басшылығына көрсетіп отырған сенімін тағы да көрсетті», - деді Ю.Андреев.