Н. Назарбаев: Құрманғазы ХІХ ғасырдағы қазақ тарихын, мәдениетін және бүкіл халықты күйге қосып жырлаған ерекше тұлға

None
None
АСТАНА. 4 шілде. ҚазАқпарат - Құрманғазы Сағырбайұлы ХІХ ғасырдағы қазақ тарихын, мәдениетін және бүкіл халықты күйге қосып жырлаған ерекше тұлға.

Астанада дәулескер күйші  Құрманғазы Сағырбайұлына арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

«Біз бүгінгі күні тағы да бір маңызды оқиғаның куәгері болып отырмыз - ұлы халық композиторы Құрманғазының ескерткішін ашудамыз. Оның «Сарыарқа» күйі біз бүгін Астананы салған, сол арқылы бүкіл әлемге танылған далаға арналады.  Құрманғазы Сағырбайұлы ХІХ ғасырдағы қазақ тарихын, мәдениетін және бүкіл халықты күйге қосып жырлаған ерекше тұлға. Сондықтан да халқымыз Құрманғазының күйін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, жадында мәңгі сақтап келеді», - деп атап өтті Елбасы ескерткіштің ашылу салтанатында.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткіші өзі жерленген Астрахан облысында (РФ) орнатылғанын, сол ескерткіш қайта жаңғыртылып, онда арнайы мұражай ашылғанын мәлім етті. Күй атасы атанған Құрманғазының есімі  еліміздің көптеген көшелеріне, мәдени мекемелеріне берілген.

Еске сала кетейік, ұлы композитор, дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткіші елордада Тұран даңғылының бойындағы  «Думан» конақүй кешенінің аумағында орнатылды. Ескерткіштің жалпы биіктігі 10 метрді құрайды: 5,5 м - тұғыры және 4,5 м - ескерткіштің биіктігі.

Соңғы жаңалықтар