Н.Назарбаев: Қысқы Универсиада мен Алматы метросының 2-ші кезеңі құрылысын қаржыландыруды қысқарту қажет
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қысқы Универсиада мен Алматы метросының 2-ші кезеңі құрылысын қаржыландыруды қысқарту қажет. Бүгін Ақордада өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
«Мен әлеуметтік қажеттілікке арналған шығыстарды қысқарту туралы ұсыныс бар екендігін білемін. Бұл жақсы ұсыныс, қарапайым адамдарға қатысты болмағанда оны қолдауға да болар еді. Мәселен, оны қарапайым адамға шығын келтірместен қайдан іздеуге болады? Мәселен, біздің шығыстар: банктерді қолдау үшін 500 млрд., қысқы Универсиадаға - 100 млрд., метроның екінші кезеңіне - 227 млрд. теңге. Қиын кезеңде біздерге кейбірін күте тұру қажет. Одан кейін жалғастырамыз», - деді Елбасы.
Осы ретте ҚР Президенті қысқы Универсиаданың бір бөлігін Астанада, екіншісін Алматыда өткізуге болатынын атап өтті. Бұған қоса ҚР Президенті аталған шараның имидждік жоба екендігін әрі соңына дейін атқару керектігін баса айтты.
«Бірақ дәл осы шарада шығыс көп, қаржыны біздерге сол жақтан қарастыру қажет. Бұл уақытша», - деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ Елбасы Алматы метросының 2-ші кезеңі құрылысын тоқтата тұру қажеттігін айтты.